
2021 жылдың 3-5 наурызында Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Дүниежүзілік сауда ұйымы алаңында орын алған Сауд Арабиясының сауда саясатына арналған үшінші шолу барысында басты спикер болды.
Тұрақты өкіл Ж.Айтжанова өз сөзінде Сауд Арабиясының көпжақты сауда жүйесін қолдаудағы негізгі рөлін, сондай-ақ ДСҰ-ға мүше елдерге Сауд Арабиясының соңғы төрт жылдағы сауда-экономикалық және инвестициялық саясатындағы өзгерістерге терең және жан-жақты шолудың маңыздылығын атап өтті.
Елші Айтжанова экономикалық диверсификациялауды қамтамасыз етуге, мұнайға тәуелділікті төмендетуге бағытталған жан-жақты жол картасы болып табылатын 2030 жылға дейінгі «Vision 2030» ұлттық даму стратегиясының шеңберінде жүзеге асырылып жатқан Сауд Арабиясының экономикалық және сауда саясатының, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету салаларындағы ірі реформаларға жоғары баға берді. Елші Айтжанова инвестициялар, кәсіпкерлік және сауда саясаты саласында жүргізілген реформалар Сауд Арабиясы экономикасының тиімділігін арттырғанын, соның нәтижесінде дүниежүзілік банктің «Бизнесті жүргізу-2020» баяндамасына сәйкес үздік 10 реформатордың қатарына кіргенін атап өтті.
Спикер Айтжанова Сауд Арабиясында ДСҰ ережелері мен нормаларына сәйкес қолданылатын кейбір сауда және инвестициялық шараларды жақсарту, сондай-ақ елдің сауда режимін нығайту бойынша нақты ұсыныстарды ұсынды.
Қазақстандық дипломат Сауд Арабиясына 2021 жылғы желтоқсанда Женевада өтетін ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясына Қазақстанның болашақ төрағалығына үнемі қолдау көрсеткені үшін, сондай-ақ алдағы конференцияның маңызды және субстантивтік нәтижелерін қамтамасыз ету мақсатында ДСҰ-ға мүше елдермен конструктивті өзара іс-қимыл жасауға бейілділігі үшін зор ризашылығын білдірді.
Сауд Арабиясы Сыртқы сауда агенттігінің төрағасы Абдулрахман Аль Харби Ұлттық «Vision 2030» Стратегиясын жүзеге асыру шеңберінде Сауд Арабиясы көпжақты сауда жүйесін нығайтуда белсенді рөл атқаруға бағытталғанын атап өтті. Осы тұрғыда Сауд Арабиясы делегациясының басшысы аталған елдің «Үлкен жиырмалық» төрағалығы барысында 2020 жылы ДСҰ қызметіндегі қажетті реформаларды қолдауға бағытталған «Эр-Риядтың ДСҰ болашағы туралы бастамасы» қабылданғанын атап өтті. Соңында ол Сауд Арабиясының ДСҰ шеңберіндегі міндеттемелеріне сәйкес сауда саясатын жүргізуді жалғастырып, ашық, еркін және айқын экономиканы қолдайтынын растады.
Іс-шара барысында ДСҰ-ға мүше 40 елдің делегация басшылары сөз сөйледі, бұл ДСҰ аясындағы сауда саясатын бақылау мен қайта қараудың маңыздылығын айғақтайды.
Анықтама үшін:
Сауда саясатын қарау механизмі – ДСҰ-ға мүше елдердің сауда саясатын және олардың ДСҰ ережелеріне және міндеттемелеріне сәйкестігін ұжымдық бақылау жүйесі. ДСҰ-ға мүше жекелеген елдердің шолу жиілігі олардың әлемдік саудадағы үлесімен анықталады. Бұған дейінгі Сауд Арабиясының сауда саясатына шолу 2016 жылы болған.