БҰҰ-ның Женевадағы тарихи ғимаратында Абайдың бюсті орнатылды

БҰҰ-ның Женевадағы тарихи ғимаратында  Абайдың бюсті орнатылды

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және БҰҰ-ның 75 жылдығына орай БҰҰ-ның Женева кеңсесінің тарихи ғимаратында Абайдың бюстін орнатудың салтанатты ашылуы өтті. Абай бюстінің ашылу салтанатына БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бірнеше өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші сессиясында Абайдың 175 жылдығына арналған сөйлеген сөзінен үзінділер мен ақынның тарихи отанында Абай ескерткішінің ашылуы туралы фильм ұсынылды.

Салтанатты рәсімнің ашылу салтанатында, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің бас директоры Т.Валовая БҰҰ-ның 75 жылдығы мерекесінде Ұйым ғимаратында Абайдың бюстінің ашылуының символикалық мағынасын атап өтті. БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің басшысы Қазақстанның халықаралық саясаттағы, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамудағы маңызды рөлі мен жетістіктерін атап өтіп, елді тәуелсіздік күнімен құттықтады. Т.Валовая көрнекті философ, ақын және композитор Абайдың шығармашылық мұрасының тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Еуразия аймағы үшін маңызы зор екендігін, сонымен қатар Батыс пен Шығыс мәдениеттерін байланыстыратын көпір екенін атап өтті. Атап айтқанда, ол Лермонтовты қазақ тіліне аудару арқылы неміс ақыны Гетенің шығармаларын таратудағы Абайдың рөлін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Ж.Айтжанова өз сөзінде бүкіл өмірін білім саласына арнаған Абайдың 175 жылдығы биыл бүкіл әлемде кеңінен атап өтілгенін баса айтты. Тұрақты өкіл Абайдың шығармашылығы елдер мен халықтардың жақындасуына ықпал еткенін, оның толеранттылық, сүйіспеншілік идеялары БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойында өте өзекті екенін баса айтты. Қазақстандық дипломат Абайдың бюстінің орнатылған жері ретінде қарусыздану жөніндегі конференц-залының алды таңдалғанының өте орынды екенін, оның символикалық мағынасын атап өтті және Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген даналық сөздері БҰҰ қоғамдастығын бейбітшілікті, бірлікті нығайтуға және көпжақтылықты жаңғыртуға жетелейтініне сенім білдірді.