
26 қазанда Қазақстанның БҰҰ жанындағы Женевадағы Тұрақты өкілдігі «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары нәтижесінде Ирак пен Сирия аймақтарынан оралғандар туралы кездесу өткізді. Кездесуге БҰҰ-ның терроризмге қарсы іс-қимыл кезіндегі адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын ілгерілету және қорғау жөніндегі арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолайн, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесіне мүше мемлекеттер және бірнеше халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шарада ҚР Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігіннің Дін істері комитетінің өкілі Е.Еспергенов және Қазақстандағы оралмандарды оңалту ісімен айналысатын «Ақниет» ұйымының басшысы А.Шауметов және Қауымдастық белсенділігі пен тұрақтылық жөніндегі ғаламдық қордың бас директоры Халед Хозер мәлімдемелер жасады. Отырысқа ҚР Сыртқы істер министрлігінен Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Т.Қалиев қатысты.
Отырыс барысында сөйлеген сөзінде БҰҰ арнайы баяндамашысы Ф.Аолайн үш негізгі мәселені атап өтті. Біріншіден, жалпы азаматтық қоғамды репатрианттарды қабылдауға дайындау бойынша Қазақстан Үкіметі қабылдаған негізгі шаралардың маңыздылығын атап өтті. Екіншіден, ол осы операцияның сәтті өтуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарған Қазақстанның оңтайландырылған жұмысын атап өтті. Бұл халықаралық серіктестіктер мен басқа да мүдделі тараптармен ынтымақтастықты және қарым-қатынасты басшылыққа ала отырып, сондай-ақ ел ішіндегі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы арқылы іске асырылғанын атап өтті. Ол жақсы ойластырылған жоспарлар қатарына репатрианттарды жұмыспен қамтумен қатар оралғандардың психоәлеуметтік қажеттіліктеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, ол 2019 жылы Қазақстанға жасалған іс-сапарын атап өтіп, оны мүше мемлекеттер мен БҰҰ-ның арнайы процедуралар жүйесі арасындағы конструктивті диалог пен ынтымақтастықтың ең жақсы мысалдарының бірі деп қорытындылады. Ол репатрианттармен кездесуді ұйымдастыруға қолғабыс еткен үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтты. Арнайы баяндамашы іс-сапары кезінде өзінің мандатымен көтерілген бірқатар мәселелер бойынша Қазақстанның ашық болғанын жоғары бағалады.
Қауымдастық белсенділігі пен тұрақтылық жөніндегі ғаламдық қордың (GCERF) басшысы Халед Хозер Қазақстанмен осы мәселе бойынша бірге жұмыс істеуге ниетін білдірді. Қатысушылар операцияның гуманитарлық аспектісінің маңыздылығын және осы ретте елдер арасында озық тәжірибелермен бөлісудің қажеттілігін атап өтті.
Кездесу Қазақстанға «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операцияларына байланысты озық тәжірибесімен бөлісуге, мәселенің перспективаларын БҰҰ және халықаралық ұйымдармен талқылауға ынтымақтастықтың бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.