
Ереван, 2023 жылғы 13 сәуір - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Арменияның Денсаулық сақтау министрі Анаит Аванесянмен кездесуі өткізіп, оның барысында денсаулық сақтау саласындағы қазақстан-армян ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.
Армян тарапы ү.ж. наурыз айында өткен Қазақстанның Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлау қорытындыларымен, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етілді. Арменияның Денсаулық сақтау министрі сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, Қазақстан басшылығының саясатын жоғары бағалады.
Тараптар екі елдің медициналық саладағы белсенді өзара іс-қимылын атап өтіп, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғыртуға, жұқпалы ауруларға жедел әрекет етуге, цифрлық денсаулық сақтау мен медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мен дамыту бойынша тәжірибе алмасуға мүдделілік білдірді. Әңгімелесу барысында 2023 жылға арналған бірлескен іс-шаралар кестесі мен биыл 27-28 сәуірде Ереванда болатын Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-армян үкіметаралық комиссиясының кезекті 9-шы отырысын өткізу мәселелері қарастырылды. А.Аванесян алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференцияға және 2023 жылғы қазан айында Астанада өтетін ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясына қатысатынын растады.