
Ереван, 3 ақпан 2023 жыл - Ереван мемлекеттік университеті жанындағы Абай атындағы Қазақ тілі, мәдениеті және тарихы орталығында Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев ЕМУ басшылығымен және профессорлық-оқытушылар құрамымен, сондай-ақ Армения БАҚ өкілдерімен кездесті. Қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен және Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламасы туралы толық ақпарат берілді. Конституциялық реформаға және ү.ж. наурыз айында өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне кезектен тыс сайлауды дайындау және өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ереван мемлекеттік университетінің басшылығы Қазақстанның саясатын жоғары бағалап, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы саяси және экономикалық өзгерістердің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға қатысушылар мәдени-гуманитарлық саладағы, сондай-ақ ғылым, білім, әдебиет және өнер саласындағы екіжақты байланыстардың үдемелі дамуын атап, 2023 жылы бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелерін талқылады. ЕМУ түркология кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Сафарянның айтуынша, армян халқы ғасырлар бойғы тарихы мен дәстүрлері бар қалыптасқан армян-қазақ қатынастарын терең бағалайды. Кездесу барысында Абай атындағы орталықтың кітапханасының қорына қазақ жазушыларының кітаптары сыйға тартылды.