Қазақстан және Армения ғалымдары Матенадарандағы ежелгі қыпшақ қолжазбаларын бірлесіп зерттеуді жалғастыруда

Қазақстан және Армения ғалымдары Матенадарандағы ежелгі қыпшақ қолжазбаларын бірлесіп зерттеуді жалғастыруда

Ереван, 2022 ж. 28 қазан - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Месроп Маштоц ат.Матенадаран көне қолжазбалар институтының директоры Ваган Тер-Гевондянмен кездесіп, екіжақты мәдени-гуманитарлық және ғылыми-академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесуге Л.Н.Гумилева ат. Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қызметкерлері және Арменияның ғалымдары мен қыпшақ тілді армянографиялық қолжазбалар саласындағы мамандары қатысты. Сұхбат барысында Матенадаран мен Армения аумағында орналасқан ежелгі қыпшақ тілді жазба ескерткіштер мен тарихи мұраларды одан әрі бірлескен ғылыми зерттеулер мен зерделеу бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. Армян өкілдері Республика күніне және Қазақстан мен Армения арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралармен, сондай-ақ Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауының негізгі ережелерімен, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Cъезінің қорытындыларымен және ҚР Президентінің алдағы сайлауымен танысты.
Өз кезегінде В.Тер-Гевондян Армения мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің және бай тарихи мұраны одан әрі зерделеудің, оның ішінде ежелгі қыпшақ қолжазбаларының бірлескен ғылыми зерттеулерінің маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстан басшылығының елімізді саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту шеңберінде жүргізіп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Армения ғалымдары түркология саласында ғылыми тәжірибелерімен алмасты. Л.Н.Гумилев ат.Еуразия ұлттық университетінің өкілдері «Армян-қыпшақ ескерткіштерінің тіліндегі әмбебаптығы мен ерекшелігі» атты ғылыми жобасының негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Ежелгі армян графикасын меңгерген Армения ғалымдары бұл жобаға қатысуға үлкен қызығушылық танытты. Тараптар Түркі тілдерін дамытудың лингвистикалық жүйелері саласындағы салыстырмалы тарихи және әдіснамалық аспектілер бойынша ынтымақтастыққа келісті.