Ереван мэриясында Қазақстан-армян экономикалық және өңіраралық ынтымақтастығы талқыланды

Ереван мэриясында Қазақстан-армян экономикалық және өңіраралық ынтымақтастығы талқыланды

Ереван, 25 тамыз 2022 жыл - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Армения астанасының мэрі Грачья Саргсянмен кездесті.

Әңгіме барысында армян тарапына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған жаңа Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалар бағдарламасы туралы ақпарат берілді. Өз кезегінде Ереван қаласының мэрі ҚР-дағы конституциялық реформаны құптап, Қазақстан басшылығының саясатын жоғары бағалады. Ол сондай-ақ саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың табысты өтуіне тілектестік білдірді.

Армян астанасының мэрі Ереванның Нұр-сұлтан және Алматы қалаларымен, сондай-ақ қазақстандық компаниялармен қарым-қатынасын кеңейтуге мүдделілігін білдірді. Осыған байланысты, тараптар ағымдағы жылдың маусым айында FlyArystan авиакомпаниясының Алматы-Ереван-Алматы бағыты бойынша тұрақты рейсін ашудың маңыздылығын, бұл өзара туризмді дамытуға қосымша серпін бергенін, сондай-ақ екі мемлекеттің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Әңгімелесу барысында 2022 жылдың екінші жартысында Ереванда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-армян үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысын өткізу мәселелері және екі елдің өңіраралық өзара іс-қимылын жандандыру жөніндегі одан арғы қадамдар талқыланды.