Ереван, 23 тамыз 2022 ж. – Армения астанасында Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Арменияның Сыртқы істер министрлігінің, сарапшылар қауымдастығының, іскер топтардың, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев қатысушыларды саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың даму барысы, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған және Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалар бағдарламасы туралы хабардар етті.
АР СІМ Еуразиялық өңір департаментінің басшысы Д.Вирабянның айтуынша, дипломатиялық қатынастардың орнаған уақыттан бері Армения мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық өзара іс-қимыл әріптестік және өзара тиімді ынтымақтастық рухында дамып келеді. Өз кезегінде армян сарапшылар қауымдастығының өкілдері Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық жаңғырудың, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы реформалардың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті. Жетекші сарапшылар Қазақстандағы конституциялық реформаны қолдап, ҚР басшылығының саясатын жоғары бағалады.
Іс-шара барысында қазақстан-армян ынтымақтастығын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Құрметті консулы А.Абраамянға «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 30 жыл» медалі табыс етілді.