
Ереван, 2022 жылғы 19 мамыр – Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Арменияның Жоғары технологиялық өнеркәсіп министрі Роберт Хачатрянмен кездесті. Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі қағидалары туралы, сондай-ақ ү.ж. 5 маусымда өтетін Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум жайлы хабардар етті.
Өз кезегінде армян тарапы Қазақстанға үдемелі даму мен саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың табысты жүргізілуін тілеп, өзге бағыттар бойынша екіжақты және көпжақты қатынастарды одан әрі кеңейтуге ықпалдастығын білдірді. Осы тұрғыда жоғары және ғарыштық технологиялар, цифрлық даму, ғылым және білім беру салаларындағы Қазақстан-Армения ынтымақтастығының жандануы аталды. Тараптар сондай-ақ 2021 жылғы 26 мамырдағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық Қазақстан-Армения комиссиясының 8-ші отырысының Хаттамасын іске асыру мәселелері, сондай-ақ 2022 жылғы маусымда Ереванда өтетін 9-шы ҮАК отырысы жайлы ой бөлісті.