Ереванда қаржы-экономика саласындағы Қазақстан-Армения ынтымақтастығы талқыланды

Ереванда қаржы-экономика саласындағы Қазақстан-Армения ынтымақтастығы талқыланды

Ереван, 2022 ж. 5 мамыр - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Арменияның Қаржы министрі Тигран Хачатрянмен кездесіп, қаржы-экономикалық саладағы қазақ-армян ынтымақтастығының мәселелерін талқылады. Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі қағидалары туралы, сондай-ақ әлеуметтік бағыттағы тұрақты нарықтық экономиканы дамытуға бағытталған еліміздің жаңа экономикалық саясаты туралы хабардар етті.

Өз кезегінде армян тарапы Мемлекет басшысының бастамаларын жоғары бағалап, конституциялық реформа Жаңа Қазақстанды құруға бастау бола алатынын атап өтті. Т.Хачатрян Арменияның Қазақстанмен қаржы, салық және банк секторларында ынтымақтастық орнату мен тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты. Кездесу барысында тараптар 2021 жылғы 26 мамырдағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық Қазақстан-Армения комиссиясының 8-ші отырысының Хаттамасын іске асыру мәселелері, сондай-ақ қаржылық өзара іс-қимылды жандандырудың перспективалары мен мүмкіндіктері жайлы ой бөлісті.