
Ереван, 2022 ж. 25 сәуір – Армения астанасында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен «Лусэ» қорында Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне арналған «Ерекше балалық шақ: балалар әлеміне есік ашу» атты қазақ және армян балаларының суреттерімен және қыш бұйымдарының көрмесі ашылды. Іс-шараға «Лусэ» және «Ереван, менің махаббатым» армяндық қайырымдылық қорларының, «Аялаған алақан» қазақстандық қоғамдық қорының басшылары, Арменияның мемлекеттік органдары мен ведомстволарының, сондай-ақ Ереванда аккредиттелген үкіметтік емес ұйымдар мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Көрмеде ерекше қажеттіліктері бар, соның ішінде аутистік спектрі бұзылған қазақ және армян балаларының суреттері мен қыш бұйымдары ұсынылды. «Аялаған алақан» халықаралық қайырымдылық қорының жетекшісі Рада Хайрушева балаларды сурет өнеріне үйрету жобасы аясында мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істеу жөніндегі тәжірибесін айтты. Қазақстандық суретші, «BEST» өнер мектебінің ұстазы Дәурен Ғұмаровтың сурет өнері бойынша шеберлік сабағы іс-шара қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды.
Ерекше қажеттіліктері бар қазақстан балаларын қолдауға бағытталған сурет көрмелерінің жобасы Қазақстанның көптеген ірі қалаларын қамтып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қоладауымен халықаралық деңгейге шықты, осындай іс-шаралар Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Литва, Латвия, Израиль, Оман, Иран, Түркіменстан және Грузияда өткізілді.