
Ереван, 2022 ж. 18 сәуір - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Арменияның Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Ваграм Думанянмен кездесіп, екіжақты мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі қағидалары туралы хабардар етті. Елдің ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық трансформациясына бағытталған жолдарды іске асырудағы елеулі тәсілдерге ерекше назар аударылды. Өз кезегінде армян тарапы қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұсынылған реформалардың өзектілігін атап өтіп, Қазақстанмен мәдениет, білім, ғылым және спорт саласындағы қатынастарды жандандыруға және тереңдетуге дайын екендігін білдірді.
Әңгіме барысында ү.ж. қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің күн тәртібі мен Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайтудағы рөлі талқыланды. Тараптар мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру саладағы 2021 жылғы 26 мамырдағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық қазақ-армян комиссиясының 8-ші отырысының Хаттамасын іске асыру мәселелерін, сондай-ақ 2022 жылғы халықаралық іс-шаралар мен екі жақты кездесулердің кестесін талқылады.