
Ереван, 2022 жылғы 30 наурыз - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Армения Үкіметі жанындағы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Рустам Бадасянмен кездесу өткізіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалардың ауқымды бағдарламасы мен басым әлеуметтік-экономикалық шаралар туралы хабардар етті. Елші Қазақстан Үкіметінің қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, бизнесті қолдау және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруы туралы хабарлады. Р.Бадасян қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер мен тұрақсыз экономикалық жағдайда азаматтардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Мемлекет басшысының бастамаларын жоғары бағалады.
Тараптар қазақстан-армян экономикалық ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылап, сондай-ақ кедендік және салықтық әкімшілендіру саласында өзара іс-қимыл және тәжірибе алмасу оның ішінде екі елдің өзара саудасындағы және еуразиялық интеграциялық кеңістіктегі кедергілер мен шектеулерді анықтау және жою мәселелері бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. 2021 жылы Қазақстан-армян тауар айналымының 27% өсуінің оң серпіні, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті мен өсу перспективалары атап өтілді.