Армения Президенті Қазақстандағы реформаларды қолдады

Армения Президенті Қазақстандағы реформаларды қолдады

Ереван, 2022 жылғы 29 наурыз - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен кездесу өткізіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидалары туралы хабардар етті. В.Хачатурян ҚР Президентінің Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстанды трансформациялау бойынша ұсынылған реформаларды іске асыру елді заманауи жаһандық сын-қатерлер жағдайында дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтереді. Қазақстан басшылығының саясатына қолдау білдіре отырып, ол экономикасы мықты әлеуметтік мемлекет құру жолындағы қазақстандық тәжірибе Армения үшін маңызды екенін хабарлады.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақстан-армян ынтымақтастығын дамыту мәселелерін, сондай-ақ 2022 жылы өтетін халықаралық іс-шаралар мен ең жоғары және жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулердің кестесін талқылады. Тараптар 2021 жылдың қорытындысы бойынша 30 пайызға өскен екіжақты тауар айналымының оң динамикасына назар аударып, іскерлік байланыстарды дамыту және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Армения Президенті елдеріміз арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.