
Ереван, 2022 жылғы 15 ақпан – Ереван мемлекеттік университетінде Қазақстан Елшісі Болат Иманбаевтың ЕМУ ректоры Оганнес Оганнисянмен, оқу орнының профессорлық-оқытушы құрамымен және студенттерімен, сондай-ақ Арменияның академиялық және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесуі өтті. Әңгіме барысында Елші Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, саяси және демократиялық реформалар туралы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Үкіметінің алдына қойған және елдің одан әрі экономикалық дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттері туралы хабардар етті.
Кездесуге қатысушылар мәдени-гуманитарлық салада, сондай-ақ ғылым, білім, әдебиет және өнер саласында екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуын атап өтті. ЕМУ ректоры О.Оганнисян 2022 жылы Армения мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастардың 30 жыл толатынына назар аударып, ғылыми-білім беру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Қазақстан-армян мәдени-гуманитарлық, білім беру және ғылыми-академиялық ынтымақтастығын дамытуға қосқан зор үлес үшін Елші Б.Иманбаев Қазақстан басшылығының атынан ЕМУ түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Сафарянға және ЕМУ халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, АР Сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Шаварш Кочарянға «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалін табыс етті.