Ереван, 2021 жылғы 10 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ҚР Армениядағы Елшілігі Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығымен бірлесіп бейнеконференция форматында «Бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалог» атты дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел жұмысы кезінде Қазақстан тарапынан Шіркеу мен қоғам арасындағы байланыс жөніндегі Қазақстан митрополит округі төрағасының орынбасары, Успен соборының діни қызметкері, протоиерей Д.Байдек, ҚР Ұлттық ұлан Әскери институтының профессоры С.Сүлейменова, Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының профессоры Ю.Шаповал, Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ Қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры М.Сыдыкназаров, «Ван» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы С.Салумян сөз сөйледі. Армян тарапынан Қасиетті Эчмиадзиннің Сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы архиепископ Н.Ованисян, «Интеграция және даму» қоғамдық мекеме төрағасы А.Сафарян, «Арминфо» ақпараттық агенттігінің бас директоры Э.Мкртчян, Армян жаһандану және аймақтық талдау орталығының жетекшісі С.Григорян, Ереван мемлекеттік университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Сафарян сөз сөйледі.
ҚР Армениядағы Елшісі Б.Иманбаев іс-шараны аша отыра, өз сөзінде Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңіндегі негізгі жетістіктері туралы, Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларымен ҚР халықаралық бастамалары жөнінде, сондай-ақ конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің табысты қазақстандық моделі туралы айтты.
Өз кезегінде Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Б.Сәрсенбаев дөңгелек үстелге қатысушыларға, олардың ішінде Қазақстанның Армениядағы Елшісі Б.Иманбаевқа іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіре отыра, 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің бастамашысы болған Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанда және бүкіл әлемде конфессияаралық диалогты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
Орталықтың Басқарма Төрағасы «Рухани дипломатия қағидаттарын жаңғырту және дамыту бағытын ұстана отырып, Қазақстан халықаралық денгейде өз ұстанымын берік бекітті. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың стратегиялық бағытының арқасында еліміз өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ әлемдегі конфессияаралық және дінаралық диалогты ілгерілетуге зор үлес қосуда»,- деп айтты.
Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылардың барлығы конфессияаралық диалогты халықаралық деңгейде ілгерілетудегі қазақстандық бастамалардың маңыздылығын және діндер, мәдениеттер мен өркениеттердің өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін атап өтіп, бейбітшілік пен өзара түсіністік жолында дінаралық диалогты одан әрі ілгерілету қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.
Сонымен қатар қонақтар еліміздің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері көрсетілген «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» атты фотоэкспозициясымен танысты.
Айта кететін жайт, аталған дөңгелек үстел Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттарын ілгерілету жөніндегі Қазақстан басшылығының бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.