Ереван, 23 қараша – «Music hall dvin» сахнасында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қарасты «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған үлкен концерті өтті. Концерттің алдында Қазақстан мен Арменияның әнұрандары шырқалып, Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев, вице-премьер Мгер Григорян мен АР Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Ваграм Думанян сөз сөйледі. Жиынға көрермен ретінде Арменияның мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарының, дипломатиялық корпустың, іскер топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері (400-ге жуық адам) қатысты.
Ұлттық киім киген өнерпаздарымыз қазақтың әндері мен билерін орындап, домбыра, қыл қобыз, жетіген, шертер, собызғы аспаптарында көне музыкалық өнерлерін көрсетті.
Іс-шара барысында қонақтар Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен даму кезеңдері көрсетілген «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» фотоэкспозициясымен танысты. Сонымен қатар, қазақ және армян балаларының, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар жандар салған суреттердің қайырымдылық көрмесі паш етілді.
Мерекеге жиылған көпшілік қазақстандық әртістердің өнеріне жоғары баға беріп, Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылда жеткен жетістіктері және концерттік қойылым мен көрме армян жұртшылығының үлкен қызығушылығын тудырды.