Қазақстан Республикасының 2021 жылғы ұлттық санағын өткізу туралы

Қазақстан Республикасының 2021 жылғы ұлттық санағын өткізу туралы

Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!

«2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1900000419) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына және оған енгізілген өзгерістерге (2020 жылғы 16 қыркүйектегі №587) сәйкес 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасында ұлттық халық санағы жүргізілуде.

Шетелде уақытша жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының санағын ұйымдастыру және жүргізу шаралары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, сондай-ақ шет елдердегі дипломатиялық және консулдық өкілдіктерге жүктелген.

Көрсетілген қаулыға сәйкес, шетелде санақ жүргізуге Қазақстан Республикасы азаматтарының келесі санаттары жатады:

  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары арқылы қызметтік міндеттерін орындауға байланысты 12 ай және одан да көп мерзіммен шетелде жүрген немесе ұзақ қызметтік іссапармен жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса алғанда);
  • 12 айдан аз мерзімге шетелге уақытша іссапарға , келісімшарттар бойынша жұмыс істеу, оқу (елде болмау мерзіміне қарамастан "Болашақ" халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыларды қоса алғанда) және басқа да себептер бойынша кеткендер (бұдан әрі – респонденттер).

Респонденттер 2021 жылдың 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін www.sanaq.gov.kz (https://sanaq.gov.kz/) парақшасында санақ бланкілерін электронды түрде толтыру арқылы халық санағына қатысады.

Егер респонденттердің санақтан өз бетімен өтуіне техникалық мүмкіндігі болмаса, Қазақстан Республикасының шетелдік өкілдіктері ғаламторға кіруге рұқсат етілген орынмен, компьютер құрылғыларымен қамтамасыз етіп, көмек көрсетуге дайын. Ол үшін Қазақстан азаматы санақ кезеңінде Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Елшілігіне бару үшін алдын ала жазылуға тиіс.

Ғаламтор арқылы санақ жүргізу кезінде респонденттер www.sanaq.gov.kz веб-парақшасына тіркелуі керек.

Тіркелгеннен кейін респонденттер үшін санақ парақтарының электронды нұсқалары қолжетімді болады, оларды толтыру қажет. Толтырылған санақ парақтары автоматты түрде санақ базасына түседі.

 Сұрақтар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Елшілігінің Консулдық бөліміне хабарласуға болады: +374-98-935930