
Ереван, 26 сәуір - Ресей-Армян (Славян) университетінде Арменияның заманауи сын-тегеуріндеріне арналған конференция өтті. Іс-шараны "Интеграция және даму" зерттеу-талдау қоғамдық ұйымы және Еуразиялық сарапшылар клубы ұйымдастырды. Конференцияға Арменияның көрнекті саяси, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылары мен публицистері, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері мен шақырылған ресейлік сарапшылар қатысты.
Ағымдағы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Елшісі Болат Иманбаев елдің қалыптасу жылдарындағы негізгі саяси және экономикалық жетістіктері туралы хабардар етті, сондай-ақ жоспарланған мерейтойлық іс-шаралар туралы хабарлады. Ол конференцияға қатысушыларды Мемлекет басшысының "халық үніне құлақ асатын" мемлекет тұжырымдамасы аясында демократиялық институттар мен азаматтық қоғаммен тиімді қарым-қатынас тетіктерін одан әрі нығайтуға бағытталған саяси реформаларымен таныстырды. Елші Қазақстан мен Арменияның ЕАЭО, ҰҚШҰ және ТМД сияқты интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі белсенді ынтымақтастығын, сондай-ақ БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар желісі бойынша сындарлы өзара іс-қимылды атап өтті.
Іс-шара барысында сондай-ақ елдің интеграциялық бірлестіктерге қатысуы мәнмәтінінде Армениядағы ахуалдың сын-тегеуріндері мен даму перспективаларына байланысты мәселелер талқыланды. Конференцияда сөз сөйлеген баяндамашылар ЕАЭО және ҰҚШҰ шеңберіндегі әріптес елдер арасындағы қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.