
Ереван, 12 сәуір - Қазақстан Республикасының Армениядағы Елшісі Болат Иманбаев Армения Республикасы Орталық Банкінің Төрағасы Мартын Галстянмен кездесу өткізді. Кездесу барысында қаржы-банк саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан Ұлттық Банкі мен Армения Орталық Банкінің екіжақты негіздегі, сондай-ақ көпжақты алаңдардағы тиімді өзара іс-қимылын, сондай-ақ ЕЭО интеграциялық кеңістігінде екі мемлекет арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті мен өсу перспективаларын атап өтті.
Мартын Галстян Қазақстан-Армян қарым-қатынастарының одан әрі нығая беретініне және ол үшін қолда бар барлық мүмкіндіктер мен құралдарды барынша пайдалануға дайын екендігіне сенім білдірді. Осы мақсатта ол екі елдің бизнес құрылымдары үшін, әсіресе ауыл шаруашылығы, туризм және жоғары технологиялар салаларындағы "желілік" жобаларды іздеу мен іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Елші сұхбаттасын Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал мен инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Армян тарапы жоғары бағалаған саяси және демократиялық реформалары туралы хабардар етті. Кездесу барысында Мартын Галстян осы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында жоспарланған мерейтойлық іс-шаралармен, сондай-ақ ҚР халықаралық бастамаларымен танысты.