
Пресс-релиз
Ереван, 2021 жылғы 11 наурыз – Армения Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Елшісі Болат Иманбаев Армения Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Армен Гевондянге сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.
Рәсімнен кейін өткізілген кездесу барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты Қазақстан-Армян ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Елші Министрдің орынбасарын Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, сондай-ақ Елшілік ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жоспарлаған іс-шаралар туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, Б.Иманбаев Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың елдегі демократиялық институттарды және "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында азаматтық қоғаммен тиімді қарым-қатынас пен өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі дамытуға бағытталған жаңа саяси реформаларымен таныстырды.
Өз кезегінде, Министрдің Орынбасары Қазақстан Арменияның маңызды әрі сенімді әріптесі болып табылатынын, Ереван онымен тығыз әрі көп қырлы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.
Әңгіме соңында А.Гевондян Елшіні қызметке кірісуіне байланысты құттықтап, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.