
Екатеринбург, 2023 жылғы 12 қазан - ҚР Екатеринбургтегі Бас консулы Ж. Мамутбеков «Урал Заң апталығы» XV Бүкілресейлік форумына қатысты.
Ж.Мамутбеков қатысушыларға Қазақстанда заманауи реформалардың негізгі бағыттары мен бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы айтып берді. Атап айтқанда, Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тезистерін іске асыру Қазақстан-Ресей іскерлік ынтымақтастығын ілгерілетуге оң әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар, іс-шараның өзектілігін атап өтіп, Уралда шетелдік кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдермен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді, өйткені шетелдік кәсіпкерлердің басты қиындығы заңнаманы білмеуі болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында өзара іс-қимылды ұлғайтуға және тәжірибе алмасуды жандандыруға келісті.