GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Елшілік туралы
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпарат
Все материалы
12 октября 2026
Қазақстан СІМ-нің Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдар туралы мәлімдемесі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хусит жасақтарының Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған әрі адам шығынына әкеп соққан шабуылдарын қатаң айыптайды.

Мұндай шабуылдар халықаралық құқық нормаларын бұзады. Оларға гуманитарлық тұрғыдан жол беруге болмайды.

Бұл әрекеттер Йемендегі ахуалды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге нұқсан келтіріп, қақтығысты саяси жолмен реттеуге кедергі келтіреді.

Шабуылдарды дереу тоқтатуға және дағдарысты тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы шешуге шақырамыз.

Қазақстан Сауд Арабиясы Корольдігімен ынтымақтастық танытып, оның БҰҰ Жарғысына сәйкес өз егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға құқылы екенін растайды.

08 октября 2026
КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН САТУ ЖӨНІНДЕГІ АУКЦИОН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАНДЫРУ

Аукционды ұйымдастырушы: Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшілігі, тіркелген мекенжайы: Душанбе қаласы, Шохмансур ауданы, Хусейнзода көшесі 31/1, автокөлікті сату бойынша ашық аукцион өткізетінін хабарлайды.

Аукцион бағаның өсу әдісімен өткізіледі.

Аукцион 2026 жылғы 23 қазанда сағат 11:00-де келесі мекенжайда өтеді: Душанбе қаласы, Шохмансур ауданы, Хусейнзода көшесі 31/1.

Сатылымға қойылған көлік туралы мәлімет (лот):
1 лот:
Жеңіл көлік
Маркасы: Hyundai Tukson
Түсі: ақ
Шығарылған жылы: 2012
Жүрісі: 138 075 ш.
Қозғалтқыш сыйымдылығы: 1988 текше см.
Жалпы жағдайы: техникалық ақауы бар, жөндеуді қажет етеді

Алғашқы баға: 3355,92 (үш мың үш жүз елу бес) АҚШ доллары 92 цент.
Бастапқы бағаның 15% кепілдік жарнасы: 503,39 (бес жүз үш) АҚШ доллары 39 цент.

Қатысу шарттары және өтінім беру тәртібі:

Өтінім мен кепілдік жарнасын уақытында тапсырған жеке және заңды тұлғалар аукционға қатыса алады.

Өтінімдер мен тіркеуді жазбаша түрде келесі мекенжайға жіберу керек: Душанбе қаласы, Шохмансур ауданы, Хусейнзода көшесі 31/1.


Өтінімдер 2026 жылғы 21 қазан сағат 17:00-ге дейін қабылданады.


Ең жоғары баға ұсынған адам аукцион жеңімпазы болып жарияланады.
Жеңімпаздың кепілдік жарнасы көлік құралын сатып алу бағасына кіреді. Қалған аукционға қатысушылардың кепілдік жарнасы 15 жұмыс күні ішінде қайтарылады.
Қатысу үшін ұйымдастырушының мекенжайына келесі құжаттарды тапсыру қажет:

  • Белгіленген тәртіппен толтырылған өтінім.
  • Жеке тұлғалар үшін жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
  • Заңды тұлғалар үшін заңды тұлға өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және Тәжікістан заңнамасына сәйкес заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжат.
  • Кепілдік жарнасын төлегенін растайтын төлем құжатының көшірмесі.

Сауда-саттыққа қатысушылар кепілдік жарнасын төлеп, баға ұсыныстарын бергенге дейін осы жарнаманы және келісімшарт жобасымен мұқият танысып, көлік құралының техникалық жағдайын тексеруге тиіс. Сауда-саттыққа қатысушылар көлік құралын жақсартуды, түзетулерді немесе жөндеуді сұрай алмайды, сондай-ақ қайта тіркеуге немесе меншік құқығын беруге байланысты кез-келген салықтан, алымдардан немесе басқа шығындардан босатуды сұрай алмайды.

Егер жеңімпаз сауда-саттыққа қатысушылар көрсетілген мерзімде келісімшарт талаптарын орындамаса, олар көлік құралын сатып алу құқығынан бас тартты деп саналады және кепілдік жарнасын қоса алғанда, ешбір төлем қайтарылмайды.

Кепілдік жарнасын аудару кезіндегі банк комиссиясы ешкімге қайтарылмайды.

Сауда-саттықты бұрмалау және кез келген басқа заңсыз араласу түріне қатаң тыйым салынады.


Кепілдік жарнасы үшін төлем деректемелері:
Алушы: Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшілігі
Мекенжайы: Душанбе қаласы, Шохмансур ауданы, Хусейнзода көшесі 31/1,

Ағымдағы шот: 20 212 972 7511 0021 7000

Кор.шот: 20 402 972 517 791

Алушының банкі: ЖАҚ «Актив Банк», БСК 350 101 779

Төлем мәліметтері: 1 лот бойынша аукционға қатысу үшін кепілдік жарнасы.
Сатып алушының міндеттері және көлік құралын алуы:

Ең жоғары баға ұсынған қатысушы аукцион аяқталғаннан кейін бірден аукцион нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюға міндетті.
Сатып алушы сатып алу шартына қол қойғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде көлік құралының толық бағасын (бұрын төленген кепілдік жарнасын қоспағанда) аударуға міндетті.

Меншік құқығын берумен, салықтарды (әкімшілік алымдарды), кедендік баждарды және көлік құралын сатып алуға байланысты басқа да төлемдерді төлеуге байланысты барлық шығынды сатып алушы өз мойнына алады.

Мүлікті тексеру және байланыс ақпараты:

Көлік құралының техникалық жағдайын тексеру, қажетті құжаттармен танысу және өтінім қағазын алу үшін келесі мекенжайға хабарласа аласыз: Душанбе қаласы, Шохмансур ауданы, Хусейнзода көшесі 31/1, жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін.

Сұрақтар бойынша: + 992 078 495 885 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Электрондық пошта: dushanbe@mfa.kz  accountant.dushanbe@mfa.kz

 

Екіжақты қарым-қатынастар
29 сентября 2026
Қазақстан Елшісінің Тәжікстан Республикасы Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасымен кездесуі туралы

Душанбе, 2026 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасы Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Файзали Идизодамен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында Елші сұхбаттасын Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформалар, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, сондай-ақ жаңа парламенттік құрылымды ескере отырып, парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың негізгі тәсілдері туралы хабардар етті.

Тараптар Қазақстан-Тәжікстан парламентаралық ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылап, қалыптасқан байланыстардың сабақтастығын сақтау, екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту және халықаралық парламенттік алаңдардағы өзара іс-қимылды жалғастыруға өзара мүдделілікті атап өтті.

Әңгімелесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Тәжікстан парламентаралық диалогын одан әрі нығайтуға және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екендіктерін растады.

25 сентября 2026
В Посольстве Казахстана в Таджикистане открыта Книга соболезнований

Душанбе, 2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшілігінде Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты Көңіл айту кітабы ашылды.

Осы күні Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен елде жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, Қазақстан халқына көңіл айту үшін Елшілікке Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Н. Ализода, Тәжікстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары О. Носирзода, Тәжікстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары және өкілдері, әскери атташелер, сондай-ақ елде қызмет ететін іскер топтардың өкілдері келді.

Көңіл айту кітабында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айту және қолдау сөздері жазылды. Тәжік тарапының, дипломатиялық қоғамдастық пен бизнес өкілдері қайғылы қазаға байланысты Қазақстан халқымен ынтымақтастық білдірді.

Елшілік атына көңіл айту жеделхаттары мен хаттар жазбаша түрде және электрондық пошта арқылы да келіп түсті.

Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшілігі Тәжікстан Республикасының Үкіметіне, дипломатиялық корпусқа, халықаралық ұйымдарға, іскерлік қоғамдастық өкілдеріне, сондай-ақ Қазақстан халқының қайғысына ортақтасып, қаза тапқандардың отбасыларына қолдау білдірген барша азаматтарға шынайы ризашылығын білдіреді.

17 сентября 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне қатысты
2026 жылғы 16 қыркүйек

Корея Республикасы, Сеул қаласы

 

Мемлекет басшысы, ең алдымен, қонақжайлық танытып, бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді.

– Бұл диалогтың тарихы тереңде. Оған осыдан жиырма жыл бұрын корей тарапы бастамашы болған. Бүгінде ықпалдастық форматы жоғары саяси деңгейге көтерілді. Бұл – сан қырлы ынтымақтастығымыз шынайы стратегиялық байланыстар мен өзара сенімге ұласқанын айғақтайтын сәт. Бүгінгі саммитті шын мәнінде тарихи уақиға деп атауға болады. Осы керемет кездесуді ұйымдастыруға Президент Ли Чжэ Мёңнің саяси ерік-жігер танытып, жеке үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Корея Республикасының Орталық Азия мемлекеттерімен тең дәрежелі әрі ұзақмерзімді серіктестікті жолға қою ниетіне куә болып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақстандықтар корей халқына, оның бірегей тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне зор құрметпен қарап, ерекше ықылас танытатынын айтты.

– Корея Республикасы қазіргі замандағы ұлттық өрлеудің таңдай қақтырарлық тамаша үлгісін танытты. Білімге, инновацияға және адам капиталына басымдық берудің арқасында сіздер қысқа мерзім ішінде жетекші технологиялық державалардың қатарына қосылдыңыздар. Бұл – дамылсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және табандылықтың заңды нәтижесі. Қазақ халқы жетістіктеріңізге шын мәнінде тәнті болып, сүйініп отырады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты пікірін жеткізді. Президент басты бағыт ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық мәселесін атады.

– Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Сеул еліміздің үздік он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ірі инвесторлардың арасында тоғызыншы орын алады. Кореядан елімізге 12 миллиард доллардан астам инвестиция келді. Қазақстанда корей капиталының үлесі бар мыңнан аса бірлескен кәсіпорын тіркелген. Kia, Hyundai, Doosan, Posco, Samsung, Lotte, Hanwha секілді жетекші компаниялар Қазақстан нарығында ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Осы сапар аясында жалпы құны шамамен 19 миллиард долларға бағаланған коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – экономикалық ықпалдастығымыздың қарқыны жоғары екеніне айқын дәлел, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы уақытта да кореялық компанияларға қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. Инвесторлардың елімізде ұзақ уақыт жүріп-тұруын жеңілдетін «Altyn Visa» бағдарламасы осы мақсатқа қызмет етеді.

– Өнеркәсіп саласында экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Былтыр елімізде іске қосылған KIA Qazaqstan зауыты бұған жарқын мысал бола алады. Кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығарады. Өндірістің айналасында толыққанды кластер қалыптасып келеді. Кореяның технологиялық қуатын еліміздің өндірістік әлеуетімен ұштастыратын дәл осындай серіктестік үлгісін басқа да салаларда қолдануға болады деп ойлаймын. Бұл ретте Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы өнеркәсіп министрлерінің бірінші кездесуін өткізу идеясын құптаймын. Осы бастаманы одан әрі ілгерілету үшін «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынамын. Аталған тетік аясында үкіметтеріміз өндіріс локализациясына, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қоя отырып, бірлескен маңдайалды жобалардың тізімін жасақтай алар еді. Бүгінгі «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-форумы осы үдеріске елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-логистика әлеуетін нығайтуды тағы бір басымдық деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, жаһандық жеткізу тізбегінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Осы тұста Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түсті.

– Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз, оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Соңғы алты жылда осы көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі бес есе ұлғайды. Таяу жылдары бағыттың өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуге ниеттіміз. Біздің ойымызша, Орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен интеграциялауға болады. Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы арқылы Орталық Азия мультимодальді жолдарымен жүк жеткізетін Кореяның да аталған координаттар жүйесіне қатысы бар. Сондықтан бұл бағыттардың әлеуетін біріктіріп, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда, Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе мен ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндікке жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына назар аударып, Қазақстан көмірсутегі өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың санатына кіретінін, жыл сайын елімізде 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін айтты.

– Осы саладағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге, соның ішінде Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға әзірміз. Сонымен қатар геологиялық барлау және жер қойнауындағы жаңа кеніштерді игеру бағытында ықпалдастық аясын кеңейтуге болады. Оң тәжірибе бар. Мысалы, Кореяның KNOC ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай кен орнын табысты игеріп жатыр. Hyundai Engineering компаниясы консорциум құрамында ірі газ өңдеу зауытының құрылысына қатысуда. Шикізатты терең өңдеу саласының да келешегі зор. Қазақстан мұнай-газ химиясын, соның ішінде полипропилен, полиэтилен өндірісін дамытуды белсенді түрде қолға алды. Кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырамыз. Жаһандық энергетикадағы өзгеріс атом өнеркәсібін ілгерілету мәселесі өзекті екенін көрсетті. Біз KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технология саласында анағұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміз Кореяның сутегі энергетикасын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта бірқатар бірлескен жоба пысықталып жатыр. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы «Жасыл энергетика кешені».

– Таза сутегін өндіруге және қолдануға қатысты пилотты жобаларды іске асыру қажет деп санаймын. Әйтсе де көмір Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінде маңызын жоймайды. Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар, ал көмірден алынатын қуат электр энергиясы өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан «таза көмір» технологиясын енгізуге айрықша басымдық береміз. Корея бизнесін, әсіресе, Doosan, KEPCO E&C және Midland Power компанияларын көмір генерациясын жаңғырту жобаларын бірлесе жүзеге асыруға, сондай-ақ ауаға таралатын зиянды заттарды реттеу технологияларын енгізуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді.

– Корея Республикасы – жаһандық технология жарысындағы көшбасшылардың бірі. Қазақстан да цифрлық трансформацияға белсенді кірісті. Астанада Аlem.ai халықаралық орталығы ашылды, суперкомпьютерлер іске қосылды, арнаулы жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастады. Кореямен бірқатар бірлескен бастама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Түркістанда Woosong университеті ашылды, Қызылордада SeoulTech университетімен бірге Жасанды интеллект институты құрылды. Алатау қаласында орналасатын KAIST, яғни Корея озық технологиялар институты филиалы өзара серіктестігіміздің серпінді жобасы болуға лайық. Бұл – әлемдегі технология тілін үйрететін жетекші оқу орындарының бірі. Биыл Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесе негізі қаланған AI SilkNet предективті аналитика және форсайт орталығы іске қосылады. Менің ойымша, екі елдің ғылыми мекемелері, университеттері мен технологиялық компаниялары осы орталықтың айналысында бір мақсатқа топтасқаны жөн. Қазақстан бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының әлеуетін жұмылдыруға дайын. Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне жасанды интеллект саласы мамандарын даярлау үшін Кореямен серіктестік негізінде AI Talent өңірлік бағдарламасын іске қосқан жөн деп санаймын. Бұл өз кезегінде экономикалық өсім мен ғылыми прогреске ықпал ететін жаңа технологиялық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды.

– Қазақстанның ресурс базасы айтарлықтай мол. Сирек кездесетін металдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енеді. Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар. Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Осы сапар аясында Алматы қаласында Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мен мұны құптаймын. Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшуіміз керек. Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі және аймақтағы экологиялық теңгерімді сақтау мәселесін көтерді.

– Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын жаппай жаңғырту жүріп жатыр. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салып, 14,5 мың шақырым суландыру арналарын жаңартуды және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануды жоспарлап отырмыз. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы және табиғи экожүйенің тозуы қазірдің өзінде Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсер етіп жатыр. Сондықтан Қазақстан Кореяның біз үшін өте маңызды әрі шетін салаға қатысты озық технологиясы мен жинаған тәжірибесін бөлісу ниетін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, Кореяның су үнемдеуге, судың цифрлық есебін жүргізуге арналған технологияларын меңгеруге және заманауи су үнемдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ортақ бағдарламаны іске қосқан дұрыс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сөзін түйіндей келе, Мемлекет басшысы саммитке қатысушы елдердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда айтарлықтай табысқа жеткеніне назар аударды.

– Елдеріміздің арасында тарихтан тамыр тартатын бауырластық байланыстар қалыптасқан. Бұл ретте өңірдегі мемлекеттер халқымен біте қайнасып кеткен корё-сарам қауымы айрықша рөл атқарады. Корей диаспорасы Орталық Азия мен Корея арасындағы достыққа дәнекер болып отыр. Қазақстан елімізде пана тауып, өсіп-өнген корей халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауына ерекше қамқорлық көрсетті. Келесі жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толады. Осыған орай тарихи уақиғаға арналған іс-шара ұйымдастыруды ұсынамын. Жастардың өзара байланысын, білім және мәдениет саласындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдау қажет деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар саммите Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Екіжақты қарым-қатынастар
12 сентября 2026
Астана мен Душанбе көпжақты ынтымақтастық шеңберіндегі өзара әрекеттесудің өзекті мәселелері бойынша сағат теңестірді

Душанбе, 2026 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Идибек Каландармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықтың оң серпінін қанағаттанушылықпен атап өтті және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Тараптар екі елдің көпжақты платформалар, соның ішінде БҰҰ, АӨСШК, ОАӨАҮО және т.б. шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, бірқатар өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдардың ұқсастығын атап өтіп, екі елдің сыртқы саяси бастамаларын өзара қолдауға қанағаттанушылық білдірді.

Сұхбаттасу соңында У.Төреханов И.Каландарға кездесуі үшін және тәжік тарапының барлық салалардағы қазақ-тәжік қарым-қатынастарын одан әрі нығайтудағы сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға әзірлігі үшін алғысын білдірді.

 

Екіжақты қарым-қатынастар
09 сентября 2026
Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
2026 жылғы 09 қыркүйек

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмон мен оның отандастарын Тәжікстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады.

Президент Тәжікстанның егемендік жылдарында мемлекеттік басқару, әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғау мен ілгерілету ісінде зор табысқа қол жеткізгенін атап өтті.

– Қазақстан халқы еліңіздің жетістіктеріне риясыз қуанады. Біз достық қарым-қатынас пен өзара қолдауды жоғары бағалаймыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы бауырлас қос халықтың игілігі жолында нығая беретініне сенімдімін, – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас тәжік халқына құт-береке тіледі.

Екіжақты қарым-қатынастар
07 сентября 2026
Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен телефон арқылы сөйлесулер туралы

Астана, 2026 жылғы 7 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен, Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен, Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен және Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен телефон арқылы сөйлесті.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қазақстандық әріптесін Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ белсенді екіжақты өзара іс-қимыл мен сындарлы ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді.

Әңгімелесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, екіжақты қатынастардың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іс-жүзінде іске асыруға ерекше назар аударылды.

Тараптар алдағы екіжақты және көпжақты іс-шаралардың кестесін де қарастырды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
07 сентября 2026
74 МЕДАЛЬ, ОНЫҢ 32-СІ — АЛТЫН: ҚАЗАҚСТАН VI ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ҚАЛАЙ ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Қазақстан құрамасы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты.

Ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, жеті алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанды.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты.

31 августа 2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуі

Құрметті отандастар!

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.

Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.

Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады. 

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

Социальные сети
facebook
twitter
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары