
2024 жылғы 24 қазан, Душанбе - Қазақстан Республикасының Тәжістандағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Күнін тойлау аясында салтанатты ресми қабылдау ұйымдастырды.
Іс-шара қонақтарының ішінде Тәжікстан Республикасының мемлекеттік құрылымдарының басшылары, Душанбеде тіркелген шетел елшіліктері мен халықаралық ұйымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, ғылым мен өнер интеллигенциясы, медиа бірлестігі, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері болды.
Қабылдауда сөз сөйлеген Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктеріне тоқталды. 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануымен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық реформаларға негізделген мемлекеттік басқарудың өзіндік моделін құра бастағаны баса айтылды.
Сондай-ақ, дипломат екі ел басшыларының саяси күш-жігерінің арқасында қазақ-тәжік қарым-қатынасы өзара іс-қимылдың мүлдем жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында тарихи құжатқа – екі ел арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды. Ауқымы мен көлемі жағынан бұрын-соңды болмаған Қазақстанның мәдениет күндері Тәжікстанның үш ірі қаласында – Душанбе, Худжанд және Бохтарда өтті.
Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары У.Усмонзода құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамудағы, гармониялық қоғам мен тұрақтылықты қалыптастырудағы, халықаралық аренадағы орны мен беделін нығайтудағы мол табыстарын атап өтті. Ол жоғары деңгейдегі саяси қарым-қатынастар экономикалық әріптестікті кеңейтуге ықпал ететінін айтты. Вице-Премьер бауырлас Қазақстан халқына табыс, амандық және бейбітшілік тіледі.
Сондай-ақ, қонақтарға Қазақстанның жетістіктері мен қазақ-тәжік қарым-қатынасының дамуы туралы бейнеролик ұсынылып, қазақтың халық музыкасын орындайтын өнерпаздардың өнері көрсетілді.