
2020 жылғы 1 тамызда Хорог қаласында Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Асқар Тәжібаев Таулы Бадахшан автономиялы облысының төрағасы Ёдгор Файзовпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Таулы Бадахшан арасындағы аймақаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Елші серіктестік қатынастар орнату және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді. Тау-кен өнеркәсібінде тәжірибе алмасу, бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі, оның ішінде трансформаторлар мен медициналық жабдықтар құрастыру мәселелері талқыланды.
А.Тәжібаев Қазақстан мен Таулы Бадахшанның әуе-ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселесінде атап айтқанда, геодезия, ауылшаруашылығы және байланыста Қазақстанның ғарыш жүйелерін қолдануды қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, мәдени байланыстарды кеңейту, студенттермен алмасу, Памирдегі туризм мен фармацевтикалық индустрияны дамыту өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары болып табылатындығы атап өтілді.