
Душанбе, 2024 жылғы 1 тамыз – Тәжікстан мен Қазақстан әйелдерінің «Әйелдер, қаржылық ресурстар және зорлық-зомбылықтан қорғау» форумы өтті.
Қазақстан тарапынан форумға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің өкілдері, сондай-ақ әйелдер құқығы саласындағы сарапшылар қатысты.
Форум барысында қатысушылар әйелдердің құқықтарын және олардың экономикадағы мүмкіндіктерін қорғау мәселелерін талқылады, тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарына жетудің жаңа жолдарын іздестірді. Әйелдерді қолдау және оларды зорлық-зомбылықтан қорғау саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан делегациясының басшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Зульфия Байсақова Қазақстанда адам құқықтарын қорғау саласында атқарылып жатқан ауқымды істерді, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің айтарлықтай күшейтілгені, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы заң қабылданғанын ерекше атап өтті.
Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Әйелдер және отбасы істері комитеті атынан ұйымдастырылған іс-шараның Қазақстан мен Тәжікстандағы әйелдердің жағдайын жақсартуға және тәжірибе алмасуға қатысты мәселелерді талқылау үшін маңызды алаңға айналғаны ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ, форумда кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау және әйелдердің әлеуметтік белсенділігі салаларында тәжірибе алмасуға негіз жасау және озық тәжірибені зерделеу мәселелері талқыланды.