
Сенатта Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси милли арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның екінші отырысы өтті.
Отырысты ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов ашып, сөз сөйледі. Төраға орынбасары Тәжікстан Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі саяси және экономикалық әріптестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
«Бүгінгі отырыс – мемлекеттеріміз арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайту және дамыту жөніндегі сындарлы жұмыстың заңды жалғасы. Екі елдің климаттың өзгеруіне қарсы күресі және су ресурстарын ұтымды пайдаланудағы өзара іс-қимылы туралы мәселе күн тәртібінде тұр. Орталық Азия өңіріндегі су ресурстары туралы мәселе негізгі қатердің бірі болып табылады. Сондықтан Орталық Азияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін осы салада екіжақты ынтымақтастық орнату аса маңызды», - деді Жақып Асанов.
Тәжік делегациясының басшысы – Парламент Маджлиси Оли Маджлиси милли Төрағасының бірінші орынбасары Раджаббой Ахмадзода өз кезегінде аталған мәселелерді шешуге жәрдемдесуге дайын екенін білдіріп, Тәжікстан су ресурстарын қалыпты пайдалануға бағытталған халықаралық бастамаларды белсенді қолдайтынын атап өтті.
Тараптар кездесу барысында екі елдің парламенттері арасындағы өзара мәдени-гуманитарлық іс-қимыл және Қазақстан Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Маджлиси Оли Маджлиси милли арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның 3-ші отырысын өткізуге қатысты мәселелерді талқылады.