
Душанбе, 2024 жылғы 28 ақпан – Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төрехановтың Тәжікстанның Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Мемлекеттік комитетінің төрағасы Султон Рахимзодамен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық өзара әрекеттесудің өзекті мәселелері, түрлі салалардағы бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету және екі елде өтетін инвестиция саласындағы іс-шараларға қатысу мәселелері талқыланды.
Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссиясының рөлі оң бағаланды. Астана қаласында өткен ҮАК-тың 17-ші отырысы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын Душанбе қаласында өткізу мерзімдері қарастырылды.
Тараптар екі ел арасындағы сауда экономикалық ынтымақтастықтың кең әлеуетін атап өтіп, оны 2 млрд. долл. жеткізу мүмкіндігі бар екенін растады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 1,14 млрд. долл. құрады.