
2024 жылғы 13 ақпанда Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төрехановтың Тәжікстан Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық қазақ-тәжік комиссиясының тең төрағасы Хоким Холикзодамен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстанның сауда-экономикалық өзара іс-қимылын дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ түрлі салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету мәселелері талқыланды.
Тараптар Душанбе қаласында кезекті отырысы жоспарланып отырған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның рөлін оң бағалады. Елші 2023 жылғы 26 сәуірде Астанада өткен үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды Қазақстан тарапынан іске асырылу барысы туралы хабардар етті.
У.Төреханов Қазақстан тарапының жалпы сомасы 186 млн. доллардан асатын 85 тауар позициясы бойынша ҚР мен ТР арасында жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейтуге дайындығы туралы хабарлады, екіжақты сауданы ынталандыру үшін «KazakhExport» ұлттық компаниясының қаржы-сақтандыру құралдарын пайдалануға шақырды, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторларды қолдау бойынша ҚР Үкіметінің қабылдаған шаралары туралы баянданды.
Тараптар екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығының 2 млрд.долларға дейін ұлғаю әлеуеті бар кең болашағын атап өтті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 1,14 млрд. долларды құрады.
Кездесу соңында Қазақстан Елшісі Х.Холикзодаға кездесу үшін алғысын білдіріп, экономикалық саладағы қазақ-тәжік қарым-қатынастарын нығайту ісінде жемісті ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.