
2023 жылғы 19 желтоқсанда Душанбеде Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі У.Төреханов пен «Bark Technology» ЖШС басшысы Р.Чакушин Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрі Д.Абдуллозодаға VibroLUNG бірегей виброакустикалық аппаратының үш жиынтығын салтанатты түрде тапсырды.
Аталған медициналық аппараттарды Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмонға Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Әзербайжан көшбасшылары «ЭКСПО Орталық Азия – 2023» Орталық Азия тауар өндірушілерінің көрмесіне баруы барысында сыйға тартты.
VibroLUNG медициналық аппараты жиілігі 20-230 Гц виброакустикалық толқын арқылы өкпені емдеуге арналған қазақстандық әзірлеме болып табылады. Бүгінгі таңда аппараттар Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Панама, БАӘ, Сингапур клиникаларында сәтті қолданылуда.