
2023 жылғы 9-10 қарашада Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уәлихан Төрехановтың Соғды облысына жұмыс сапары өтті.
Қазақстандық дипломатиялық өкілдігінің басшысы облыс басшылығымен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесі бойынша келіссөздер өткізіп, сондай-ақ Қазақстан Республикасымен түрлі салаларда өзара әрекеттесетін Соғды облысының ірі кәсіпкерлерімен кездесті.
Соғды облысының Төрағасы Раджаббой Ахмадзодамен 2023 жылғы 3-4 мамырда өткен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарының, сондай-ақ 25-26 тамыздағы Астанаға жұмыс сапарының қорытындылары бойынша берілген тапсырмалардың тиімді жүзеге асырылуы мәселелері талқыланды. Қазақстан компанияларының Тәжікстанның Соғды облысының кәсіпкерлерімен ынтымақтастық орнатуының мүмкін бағыттары қарастырылды.
Соғды облысының бизнес-қауымдастығымен кездесу барысында Қазақстан Елшісі қазақ-тәжік сауда-экономикалық өзара әрекеттесуінің ахуалы мен әлеуеті туралы ақпараттандырды. Екіжақты сауда айналымын әрі қарай ұлғайту мақсатында «KazakhExport» компаниясының қаржы-сақтандыру құралдарын пайдалана отырып, Қазақстан өндірушілерінің Тәжікстанға экспортын 85 тауар түрі бойынша 186 млн. АҚШ долл. астам сомаға ұлғайтуға дайын екені ерекше атап өтілді.
Қазақстан дипломаты «Сугд» Еркін экономикалық аймағына барып, сол жерде қазақ-тәжік бірлескен өндірістік кәсіпорындарының жұмысымен танысты.