
2023 жылғы 10-12 қыркүйекте қазақстандық кәсіпкерлер Душанбе қаласында Орталық Азия елдері өндірушілерінің көрмесі аясында сауда-экономикалық миссияға қатысты. Іскерлік кездесулердің қорытындысы бойынша $82 млн.-нан астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды.
Іс-шара ҚР сауда және интеграция министрлігі, «QazTrade» АҚ, Қазақстанның Душанбедегі Елшілігі және Тәжікстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты қазақстандық кәсіпорындар мен әлеуетті сатып алушылар арасында тікелей байланыс орнату, сауда қатынастарын жандандыру болып табылады.
Өз өнімдерін тәжік сатып алушыларына азық-түлік тауарларын өндіру, көлік машина жасау, өнеркәсіптік IT, химия өнеркәсібі, металлургия, станок жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы және т.б. салаларда жұмыс істейтін қазақстандық компаниялар ұсынды.
Сауда миссиясы барысында Қазақстанның Тәжікстандағы экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ бірлескен ынтымақтастықтың артықшылықтары және екі елдің сауда-экономикалық әріптестігін одан әрі ілгерілету болашағы туралы Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі У.Төреханов, ҚР өнеркәсіп және құрылыс Вице-министрі И.Оспанов, ТР Экономикалық даму және сауда Министрінің орынбасары А.Нуриддинзода, «Kazakh Export» АҚ өкілі Р.Худоиев сөз сөйледі.
Сауда-экономикалық миссияға 20-дан астам қазақстандық тауар өндірушілері қатысты және Тәжікстанға химиялық өнімдер, азық-түлік және кондитерлік өнімдерін, аккумуляторлар, балмұздақ және т.б. жеткізу бойынша 11 келісімге қол қойылды.