31 мамыр - жаппай саяси қуғын-сүргін мен жан түршігерлік ашаршылықты еске алу күні

31 мамыр - жаппай саяси қуғын-сүргін мен жан түршігерлік ашаршылықты еске алу күні

31 мамыр - Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі- миллиондаған адамның өліміне әкеп соққан жаппай саяси қуғын-сүргін мен жан түршігерлік ашаршылықты еске алу күні. 1997 жылдан бастап жыл сайын, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі

Бүгін қазақстандықтар кеңестік солақай саясаттың тауқыметін тартқан жандарға тағзым етеді. Тарихтың азалы кезеңін жадымыздан шығармай, жазықсыз жазаланған бабалар рухына бас иген абзал. 

Миллиондаған адам тоталитарлық жүйенің диірменіне түсті. Қанқұйлы жылдардың ауыртпалығын әрбір қазақстандық шаңырақ та бастан кешірді. 

Әртүрлі дереккөздері, 1,5-3 миллионға дейін адам көз жұмғанын көрсетеді. Ал «үлкен террор» деп аталып кеткен нәубетте қаймана қазақтың зиялы қауым өкілдері қуғындалды. 1930-1950 жылдары кеңестік билікті қолдағанымен, талай қаракөз қайраткерлеріміз жазаға тартылды. Елімізде Карлаг, Алжир, Степлаг іспетті концлагерлердің салынуы да зобалаң жылдардың белгісіне айналды.

1920-1950 жылдары Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов іспетті қазақтың мемлекеттік қайраткерлері, ақын-жазушылары, ағартушылары қуғынға ұшырады. Елдің бас көтерер маңдайалды тұлғаларын жазықсыз жазалап, қарапайым халықты командалық саясатқа бағындыру көзделген. Аяусыз тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге жер аударылған 1,5 миллион неміс, поляк, корей, шешен, түрік, грек және басқа да халықтар көтерді.

Тарихи фактілер мен құжаттарды зерделеу жұмысының нәтижесі бір қорытындыға келеді: біз бүгінде мемлекетіміздің басты құндылығы – Тәуелсіздікке ие болғандардың қасіретті өткені мен қайсарлығы туралы шындықты есте сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек.

 

* Саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай республикалық деректер базасының сайты - http://e-memory.kz/. Портал негізінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы республиканың қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарының барлық санаттарын (көтерілістерге, баямдарға, жұдырықтарға, орта тұрғындарға, жер аударылған халықтарға, арнайы қоныстанушыларға, Қазақстан лагерьлерінің тұтқындарына, әскери тұтқындарға, діни қызметкерлерге) қамтитын жүйелендірілген электрондық деректер базасы (іздеу функциясы бар) ұсынылған.