
Астана, 2023 жылғы 3 мамыр. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Тәжікстан вице-премьері Сулаймон Зиёзода Астанада өткен қазақ-тәжік бизнес-форумға қатысты.
Іскерлік шара Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға мемлекеттік сапары қарсаңында орын алды.
Форумды ашқан Қазақстанның вице-премьері Серік Жұманғарин Қазақстан мен Тәжікстанның екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті еске салды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі ел осы бағытта айтарлықтай ілгеріледі. Мәселен, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда 18,5%-ға өсіп, $1,4 млрд-қа жетті. Қазақстандық тауарларды Тәжікстанға экспортқа шығару 9,7%-ға ұлғайып, $877,6 млн-ды құрады. Өсім негізінен бидай, маргарин, күнбағыс майы, арпа, ыстық илектелген легирленбеген болат шыбықтар, цианидтер, оксидтер және алюминий гидроксидтері экспортының ұлғаюына байланысты болды. Қазақстандық экспорт бойынша оң үрдіс 2023 жылдың бірінші тоқсанында жалғасын тапты. Өткен жылы Тәжікстаннан импорт 37,9%-ға өсіп, $501,4 млн-ды құрады.
«Екі ел президенттерінің Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымын $1 млрд-қа жеткізу жөніндегі алға қойған міндеті сәтті орындалды. Бірақ бізге мұнымен тоқтап қалмау керек, себебі бізде нәтижені көбейтудің барлық мүмкіндіктері бар. Біздің болжамымыз бойынша Орталық Азия өңіріндегі сауда әлеуеті $10 млрд-ты құрайды», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Бұл ретте сауда ынтымақтастығында негізгі рөл ауыл шаруашылығы саласына беріледі. Өткен жылы ғана АӨК өнімдерінің саудасы Қазақстан мен Тәжікстанның өзара саудасының жалпы көлемінің жартысынан немесе $578,3 млн-нан асып, 40% өсім көрсетті.
Екі ел арасындағы теміржол арқылы жүктер тасымалы да оң динамиканы көрсетіп отыр. 2022 жылы экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 563,87 мың тоннаны құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 90,23 мың тоннаға ұлғайды. Автокөлік бойынша тасымалдау 66%-ға өсіп, 288,65 мың тоннаға жетті.
Тәжікстан Премьер-Министрінің орынбасары Зиёзода Сулаймон форумда атап өткендей, жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдердің өсуі жағдайында серіктес елдердің басым міндеттерінің бірі сауда-экономикалық өзара байланыстарды кеңейту болып отыр.
«Қазақстан – Тәжікстанның маңызды серіктесі, біз арадағы тығыз және достық қарым-қатынастарды бағалаймыз. Біз үшін экономикалық өзара іс-қимылды дамыту зор маңызға ие. Бүгінде Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда әріптестері арасында экспорттық-импорттық операциялар бойынша екінші орында тұр», — деді Зиёзода Сулаймон.
Қазақ-тәжік бизнес-форумы алаңында $1,8 млрд-тан астам сомаға 39 коммерциялық келісім-шарт пен келісім жасалды. Бұл ферроқорытпа, бидай, алюминий тотығы, мұнай коксы, күнбағыс майы, тау-кен өндірісін дамытуға арналған жабдық, JAC автомобильдері және басқа да өнімдерді жеткізуге арналған экспорттық шарттар.
Іскерлік шараға 200-ден астам компания, екі елдің мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларының өкілдері қатысты.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде Қазақстанда Тәжікстанмен бірлестікте 418 кәсіпорын жұмыс істейді. 2005 жылдан бастап еліміз бауырлас республиканың экономикасына шамамен $132 млн инвестиция салды, тәжік инвестицияларының ағыны шамамен $21 млн-ды құрады.
Қазақстандық кәсіпорындардың Тәжікстанға өнім экспорттауы оң нәтиже көрсетуде. Мәселен, 2017-2018 жылдары Тәжікстанға JAC маркасының 147 автомобилі жеткізілді. 2021 жылдың соңында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС шығарған JAC брендінің қосымша 175 автокөлігін жеткізуге келісім-шартқа қол қойылды, оның 50-і өткен жылы Тәжікстанға жөнелтілді. Бүгінгі таңда отандық JAC S3 кроссоверлері Душанбе қаласының таксопаркін толтырды. Сонымен қатар Қазақстан Тәжікстанға тұрақты негізде алюминий тотығын және бидай экспорттайды.
Бизнес-форумға қатысушылар ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін, сондай-ақ кооперациялық жобаларды дамыту қажеттігін атап өтті. Іскерлік алаңда тараптар өздерінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
«Қазақстанның Тәжікстанға жалпы сомасы $140 млн-ға 60 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайту әлеуеті бар. Бұл өңделген өнімдер, соның ішінде күнбағыс майы мен ұн бар. Қызмет жеткізушілер Тәжікстан нарығына үлкен қызығушылық танытуда, олардың ішінде ауыл шаруашылығы, IT саласы үшін жерді қашықтан зондтау және ғарыштық байланыс қызметтері бар» , — деді Серік Жұманғарин.
Бизнес-форум аясында Қазақ-тәжік іскерлік кеңесінің 3-ші отырысы ашылды, онда сыртқы сауда қызметін жүргізу мәселелері талқыланды.
Шараны QazTrade, Сыртқы сауда палатасының қолдауымен Сауда және интеграция министрлігі Тәжікстанның Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті және Сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастықта ұйымдастырды.