2023 жылғы 11 сәуір, Душанбе қ. Бүгін Тәжікстанның Геология, сейсмологиялық құрылыс және сейсмология институтында тәжік академиялық ғылымның қызметін ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан, сонымен қатар бүкіл Орталық Азия аймағында геологиялық зерттеулермен танымал Тәжікстан Ғылым Академиясының тұңғыш құрметті академикі, көрнекті қазақстандық ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уәлихан Төреханов, Тәжікстан Ұлттық Ғылым Академиясының Вице-Президенті Гүлчехра Кохирова, Тәжікстанның Геология, сейсмологиялық құрылыс және сейсмология институтының ұжымы, ғылыми қоғам мен БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар академик Қ.Сәтбаевтың Тәжікстандағы ғылыми еңбек жолын, қызметінің жоғары рөлін атап өтіп, 2024 жылы ғалымның 125 жылдық мерейтойына орайластырылған халықаралық конференция ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдіріп, екі ел ғалымдарының ғылым саласындағы ынтымақтастықты қолдауға және дамытуға дайындығын білдірді.