Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері телефон арқылы сөйлесті
2023 жылғы 07 қаңтар. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.
 
Әңгімелесу барысында Мемлекеттер Басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірін-бірі құттықтады.
 
Президенттер осы жылдары екі ел арасында көпжақты және өзара тиімді мемлекетаралық байланыстар жолға қойылғанын атап өтіп, қатынастардың стратегиялық серіктестік рухында нығайып келе жатқанын жеткізді.
 
Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстанның халықаралық ұйымдар аясындағы тығыз ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
 
Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон қазақ-тәжік қатынастарын одан әрі нығайту жөніндегі бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін тағы да нақтылады.