
Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 26-бабы 1-тармағының 13-тармақшасына сәйкес, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жарналарды мемлекет жүзеге асырады.
Алайда, шетелдік жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің деректері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесінде жоқ. Себебі Қазақстан аумағында осы тұлғалар студент ретінде тіркелмеген. Осыған байланысты, оларға МӘМС аясында медициналық қызметтерді алу қолжетімсіз.
Осылайша, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығына ие болу үшін студентке egov.kz электронды үкімет порталында «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» бөлімінде растайтын құжатты (оқу орнынан анықтама) бекіте отырып, өтініш беруі қажет екенін хабарлаймыз.