
2021 жылғы 29 маусымда Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) Басқармасының отырысына қатысу үшін Душанбеде болды.
Басқарма отырысында сөз сөйлеген қазақстандық делегация басшысы Қор қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында бүгінгі жағдайды ескере отырып, ХАҚҚ-тың институционалдық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі қызметті жандандыру қажеттігін атап өтті.
Арал теңізі бассейніндегі су шаруашылығы, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту қажеттігі тұрғысынан Қазақстан өңірлік ұйымдардың, оның ішінде «Сырдария» және «Әмудария» бассейндік су шаруашылығы бірлестіктерінің рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ өңірдің барлық елдерінің қажеттіліктері мен мүдделерін қамтамасыз етуді ескере отырып, су-энергетика ресурстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың пәрменді тетігін әзірлеу ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Тәжікстанның төрағалығы кезеңіне арналған ХАҚҚ атқарушы комитетінің Жұмыс жоспары қабылданды, сондай-ақ Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғауға, экологиялық сауықтыруға және әлеуметтік-экономикалық дамуына қол жеткізуге бағытталған «Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы» (ПБАМ-4) бекітілді.