2021 жылғы 28 сәуір, Душанбе. Душанбеде (Тәжікстан Республикасы) Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысы аясында ұйымға мүше-елдердің әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Тәжікстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Н.Махмудзодамен кездесуде Ауғанстандағы ахуалдың дамуын ескере отырып, өңірлік қауіпсіздікті нығайту мәселелері қаралды. Өзара іс-қимылды, оның ішінде заңсыз көші-қон мен есірткі трафигіне қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттігі атап өтілді.
Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Н.Патрушевпен келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, екі елдің мүдделі мемлекеттік органдарының терроризмге және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл, әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимыл аспектілері талқыланды. Трансшекаралық өзендердің, атап айтқанда Жайық өзенінің экожүйесі мен су ресурстарын сақтау мәселелері қозғалды.
Қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ресей Қауіпсіздік Кеңестері аппараттарының арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Беларусь Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Мемлекеттік хатшысы А.Вольфовичпен және Армения Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы А.Григорянмен әңгімелесу шеңберінде қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге және қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимыл үшін әріптестікті нығайту шаралары бойынша пікір алмасылды, сондай-ақ қауіпсіздік кеңесі аппараттары арасындағы тиісті ынтымақтастық жоспарларының іске асырылу барысы талқыланды.