
2021 жылғы 14-15 сәуір, Душанбе қ. Қазақстандық делегация Тәжікстанға екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша келіссөздер жүргізу үшін келіп кетті
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Б.Атамқұловтың Тәжікстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ш.Кабирмен Душанбеде 2021 жылғы 18 наурызда жұмыс сапары барысында қол жеткізген келісіміне сәйкес, екіжақты әскери саланы одан әрі дамыту туралы келіссөздер жүргізу мақсатында 2021 жылғы 14-15 сәуірде қазақстандық әскери-өндірістік кешені мен авиация саласы кәсіпорындарының басшылары мен мамандарынан тұратын Қазақстан Республикасының өкілдік делегациясы Тәжікстанға келіп кетті.
Делегацияны Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Қорғаныс өнеркәсіптік кешенін дамыту департаментінің директоры С.Черненок басқарды.
Қазақстандық делегацияны Тәжікстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ш.Кабир қабылдады, ол тәжік тарапының Тәжікстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін дамытуда Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімен ынтымақтастыққа дайын екендігін баса айтты.
Сапар барысында қазақстандық делегация Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар комитетінің, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Азаматтық авиация агенттігінің басшылығымен, сондай-ақ Tajik Air және Somon Air авиакомпанияларымен келіссөздер жүргізді.
Екі елдің қорғаныс өнеркәсібі компаниялары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, онда қорғаныс және авиация салаларында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективалары туралы мұқият пікір алмасулар болды. Жұмыс сапарының бағдарламасына сәйкес, қазақстандық делегация Хатлон облысындағы «Данғара» АЭА-да болды.