
2021 жылғы 18-19 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Р.В. Склярдың Душанбе қаласына сапары өтті.
Сапар барысында Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі К.Расулзодамен екіжақты кездесу және Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық Қазақстан-Тәжікстан комиссиясының (бұдан әрі-ҮАК) 16-шы отырысы өтті.
Комиссияның қазақстандық бөлігінің тең төрағасы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары Р.Скляр, Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Д.Саид болып табылады.
Қазақстан Республикасы делегациясының құрамына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, сауда және интеграция Вице-министрі Қ.Төребаев, Ауыл шаруашылығы министрі Н.Дайырбеков, сондай-ақ басқа да ведомстволар мен бизнес-топтардың өкілдері кірді.
Іс-шара шеңберінде тараптар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйін, тауар айналымы көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, өнеркәсіптік кооперацияның перспективаларын талқылады.
Қорытындысы бойынша ҮАК 16-шы отырысының хаттамасына, «KazakhExport «ЭСК» АҚ, «Тәжік алюминий компаниясы» ААҚ және Еуразиялық даму банкі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
ҮАК алаңында «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы мен «Таджинвест» Тәжікстан Республикасының Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.