2021 жылғы 16 наурызда Душанбе қаласында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Қ.Төребаев пен Тәжікстан Республикасының Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Х.Кодирдің тең төрағалық етуімен Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумы өтті.
Қазақстандық делегация құрамына машина жасау, көлік, логистика және агроөнеркәсіптік кешен салаларында жұмыс істейтін 23 компанияның өкілдері, сондай-ақ қазақстандық ұлттық холдингтердің, экспортты қолдау институттарының және шетелдік инвесторлардың өкілдері кірді.
Бизнес-форум барысында қазіргі заманғы логистикалық инфрақұрылым құру арқылы Орталық Азия мен Ресейде Азық-түлік тауарларын тиімді ілгерілету мен таратуға бағытталған Еуразиялық тауар өткізу жүйесін және тиісті ұлттық жүйелерді құру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстандық делегация сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен шетелдік инвесторларды қолдаудың отандық қаржы құралдары туралы презентациялар ұсынды.
Іс-шара аясында қазақстандық және тәжік кәсіпкерлерінің іскерлік кездесулері B2B форматында өтті.