
Қазіргі уақытта Қазақстан Дамуға ресми көмектің (ДРК) өзіндік жүйесін қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыруда. ДРК саласындағы еліміздің толыққанды қызметі үшін қажетті заңнамалық және нормативтік-құқықтық база қабылданды, кадрлық әлеует қалыптастырылды, донорлық ұйымдармен ынтымақтастық дамуда.
Соңғы 20 жылда Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін гуманитарлық және дамуға ресми көмек ретінде шет елдерге 540 млн АҚШ долларынан астам қаражат бөлді. Қазақстан дамуға ресми көмектің ұлттық жүйесінің доноры ретіндегі өз рөлін нығайту арқылы көмекті жүйелеуге бағытталған.
ДРК тетігін одан әрі институттандыру және осы салада ұлттық оператор құру мақсатында 2020 жылғы 15 желтоқсанда ҚР Үкіметінің № 861 қаулысымен 100% мемлекеттің қатысуымен ҚР Сыртқы істер министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйым түрінде Халықаралық даму агенттігі (KazAID) құрылды.
Қазақстандық ДРК географиялық басымдықтарының негізгі бағыттары, ең алдымен, Орталық Азия елдері мен Ауғанстан, жақын келешекте – Кавказ және Африка елдері болып табылады.
Қазақстандық ДРК жүйесінің секторлық басымдықтары – білім және ғылым, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі, кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және т. б.
Соңғы бірнеше жылда Қазақстан халықаралық ұйымдармен және басқа да донорлармен ынтымақтастықта ДРК ұлттық жүйесінің қамқорлығымен ДРК-ның алғашқы жобаларын іске асырды.
Алғашқы пилоттық жоба ретінде БҰҰДБ-ның Қазақстандағы өкілдігі және Израильдің "MASHAV" халықаралық ынтымақтастық агенттігімен Орталық Азиядағы (Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) серіктес елдер үшін 2017 жылғы сәуірде Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында ауыл шаруашылығы саласында ғылыми-практикалық семинар өткізілді.
2019 жылы БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен ынтымақтастықта Тәжікстанға оның пенитенциарлық мекемелерін Петропавл ауыр машина жасау зауыты дайындаған қазақстандық өндірістің күзет жабдығымен қамтамасыз етуде көмек көрсету жөніндегі ДРК жобасы іске асырылды.
Жалпы, Қазақстан даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін белгілі бір әлеует жинақтады. Донор-серіктестермен және халықаралық даму жөніндегі шетелдік ұлттық агенттіктермен ынтымақтастықта ДРК саласындағы жобаларды іске асыру перспективалы болып табылады.