Қазақстан мен Қатар еркін аймақтарды дамыту бойынша өзара тәжірибе алмасады

Қазақстан мен Қатар еркін аймақтарды дамыту  бойынша өзара тәжірибе алмасады

Доха, 2024 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатар Еркін аймақтарының Бас атқарушы директоры шейх Мұхаммед бен Хамад бен Фейсал Әл Тәнимен кездесті.

Сұхбат барысында екі елдегі еркін экономикалық аймақтардың қызметі, алдағы жоспарлары мен өзара тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Қазақстандық дипломат елдегі арнайы аймақтардың ерекшеліктері, қатысушылары, құқықтық режимдері мен артықшылықтары туралы толық ақпарат ұсынды.

Шейх Мұхаммед Әл Тәни Қатар еркін аймақтарын дамытуға бағытталған бағдарламалар аясында маңызды бірқатар салалар бойынша мүдделі тараптармен ынтымақтастық жүріп жатқанын жеткізді. Осыған байланысты Қазақстанмен өзара тиімді серіктестікті орнатуға ерекше мән беретінін мәлім етті.

Кездесу қорытындысы тараптар еркін экономикалық аймақтарды өзара ілгерілету бойынша ынтымақтастықты нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдауға келісіп, бірлескен іс-шаралар жоспарын қарастырды.