
Доха, 2024 жылғы 24 шілде – Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Катар Ұлттық архивінің Бас хатшысы Ахмед Әл-Буейнайнмен кездесті.
Сұхбат барысында архив ісі саласындағы мемлекеттік органдардың өзара ынтымақтастық жолдары, оның ішінде цифрлық технологиялар мен электронды мұрағат жүйелерін енгізу және пайдалану бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Тараптар шет мемлекеттердің мемлекеттік және жеке мұрағаттарынан, жинақтарынан, кітапханаларынан және ғылыми ұйымдарынан Қазақстан мен Катар тарихына қатысты құжаттар мен қолжазбаларды анықтаудағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Осыған орай, шарт-құқықтық базаны кеңейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ екі елдің тарихы мен дипломатиялық қарым-қатынастарының дамуына арналған көрмелер ұйымдастыруға деген тараптардың өзара дайындығы расталды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Катар стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында өзара сапарлар мен жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шаралар жоспарын қарастырды.