Қазақстан мен Қатар қаржылық қадағалау бағытында ынтымақтастықты арттырмақ

Қазақстан мен Қатар қаржылық қадағалау бағытында ынтымақтастықты арттырмақ

Доха, 2024 жылғы 30 маусым - Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатар Орталық банкінің басқарушысы шейх Бандар бен Мұхаммед Әл Тәнимен кездесті.

Сұхбат барысында тараптар екі елдің қаржылық институттары арасындағы әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екінші деңгейлі банктердің қызметін қадағалау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды.

Елші Арман Исағалиев елімізде қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржы нарығын дамыту саласында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан кең ауқымды жұмыс, сонымен қатар, банк секторын реттеудің халықаралық стандарттарын енгізуге бағытталған реформаларды іске асыру жайы туралы толық ақпарат берді.

Өз кезегінде, шейх Бандар Әл Тәни Қазақстанмен орнатылған стратегиялық серіктестік аясында өзара ықпалдастықты өрістетуге әзір екендігін растады.  

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мүдделі мекемелер өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастыруға және тиісті шарт-құқықтық базаны кеңейту жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.