
Қазақстан үкіметі елдегі коронавирустың таралуын тежеу бойынша қажетті шаралар қабылдады, атап айтқанда осы мақсатта а. ж. 5-19 шілде аралығында карантиндік режим енгізілді.
7 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус ауруының 48 874 жағдайы тіркелген, оның ішінде 25 021 адамның ауру белгілері бар, ауру белгілері жоқ - 23 553 адам, тәулік ішінде - 1 403 адам, өсім 3,0% – ды құрады. 24 990 науқас аурудан емделіп шықты (51,1%, яғни жартысынан астамы сауығып шыққан), емдеуді жалғастырып жатырғандар – 23 324 науқас, қайтыс болғандар - 260 адам. Қазақстанда маусым айында вирустың репродукция деңгейінің көрсеткіші 1,3-ті құрады. Бұл көрсеткіштің серпіні соңғы аптада 1,05-ке дейін төмендегені байқалады.
Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, Қазақстан COVID-19 жұқтыру деңгейі бойынша 35-ші орында. Халықаралық worldmeters.info дереккөзінің мәліметтері бойынша Қазақстан 1 миллион тұрғынға шаққанда 54-ші орында, қайтыс болғандар саны бойынша 113-ші орында тұр. Осылайша, халықаралық статистика Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың даму серпіні қалыпты түрде екенін көрсетеді, сондай-ақ елде қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін растайды.
Шектеу шаралары аясында жаппай, сондай-ақ отбасылық және қайтыс болғандарды еске алу іс-шараларын өткізуге тыйым салу туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, сұлулық салондарының, шаштараздардың, спорт залдарының, фитнес-орталықтардың, бассейндердің, жабық базарлардың, жағажайлардың, аквапарктердің, мәдениет объектілерінің, ойын-сауық орталықтарының, діни объектілердің, кинотеатрлардың, балабақшалардың, балалардың сауықтыру лагерлерінің және басқа да мекемелердің қызметі тоқтатылады. Сондай-ақ, азаматтардың қозғалысын шектеу туралы шешім қабылданды, яғни үш адамнан аспайтын топтың серуенге шығуына рұқсат етіледі.
Мемлекеттік мекемелер, офистер, ұлттық компаниялар және өзге де ұйымдар қызметкерлерінің кемінде 80%-ы үшін қашықтықтан жұмыс істеу нысаны бұрынғысынша күшінде қалады.
Осы кезеңде медициналық орталықтар, дәріханалар, азық-түлік дүкендері, ашық базарлар жұмыс істейтін болады. Күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ашық ауада қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары, үздіксіз өндірістік циклі бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысын жалғастырады, ашық жерлерде ауыл шаруашылығы және құрылыс жұмыстары жалғасады. Бұдан басқа, бұрынғысынша халыққа көрсетілетін, атап айтқанда, автомобильдер мен тұрмыстық техниканы жөндеу қызметтері іске асырылатын болады.
Карантин кезінде халықаралық әуе қатынасы рейстерді одан әрі ұлғайтпай сақталады, ал ел ішіндегі авиақатынас пен пойыздардың қозғалысы шектелетін болады.