
Доха, 2024 жылғы 30 мамыр - Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатар Мәдениет министрлігі Жауапты хатшысының орынбасары Ғаним Әл-Алимен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар 2025 жылы екі елдің астаналарында Қазақстан және Қатар мәдениет күндерін өткізуге дайындық жұмыстарын қарастырды. Мәдени күндер өзара байланыстарды әрі қарай нығайтуға және халықтарының мәдениеттерін жақынырақ таныстыруға мол үлесін қосатынына сенім білдірді.
Елші мәдени байланыстарды нығайту екіжақты күн тәртібінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Маңызды қадам ретінде, оның ішінде көшпенділердің ортақ және дәстүрлі мәдени мұрасын ілгерілету мақсатында өнер ордалары арасында серіктестік орнатуды ұсынды.
Өз кезегінде, Ғаним Әл-Али екі ел арасында мұражай ісі, театр, музыка, опера, көркемөнер, қолөнер және кино өндірісі секілді перспективті салаларда қазақ тарапымен тығыз ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін растады. Сонымен қатар, екі елдің материалдық және материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мәселелері бойынша халықаралық құрылымдардағы күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағытында өзара ықпалдастықты арттыру мақсатында тараптар мүдделі мекемелердің өзара сапарларын ұйымдастыруға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.