
Доха, 2024 жылғы 25 сәуір - Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатар Туризм агенттігінің төрағасы Саад Әл-Харжимен кездесу өткізіп, туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Сұхбат барысында тараптар өзара туристік ағымның қарқынды артып келе жатқанын атап өтті. Қазақстандық дипломат елдегі туристік бағыттарды дамыту жолында қолға алынған нақты шаралар бойынша толық ақпарат берді.
Осы орайда, Қазақстанға ұйымдастырылатын саяхаттар Қатар азаматтары мен тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие екені аталып өтті. Мәселен, ресми статистикаға сәйкес 2022 жылы елімізге 553 Қатар азаматы саяхаттап келген болса, былтыр олардың саны 1 мыңға жуықтады. Бұдан бөлек Қатарда тұрғылықты өмір сүретін басқа елдердің мыңдаған азаматтары Қазақстанға саяхаттап барған.
Өз кезегінде, Қатар Туризм агенттігінің төрағасы Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін растап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әлеуеттің мол екенін хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша туристік инфрақұрылымды жақсарту және елдердің туристік тартымдылығын арттыру бағытында үздік тәжірибемен алмасу мақсатында тараптар жуық арада мүдделі мемлекеттік мекемелердің өзара сапарларын ұйымдастыруға уағдаласты.