Қазақстан-Қатар стратегиялық ынтымақтастық апталығы Дохада өтті

Қазақстан-Қатар стратегиялық ынтымақтастық  апталығы Дохада өтті

Доха, 2023 жылғы 4 қазан – Қазақстан мен Қатар арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы серіктестікті нығайту мақсатында Доха қаласында екі елдің үкімет өкілдері мен іскерлік орталарының қатысуымен Қазақстан-Қатар стратегиялық ынтымақтастық апталығы өтті. 

Апталықтың негізгі іс-шарасы ретінде Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған делегация жоғары деңгейдегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысына қатысты.

Делегация құрамына Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев, Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов, Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов, Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков енді.    

Келіссөздер барысында қазақстандық тарап Қатар Сауда және өнеркәсіп министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасым Әл Тәни бастаған әріптестерімен өзара сауда айналымын арттыру және экономиканың бірқатар маңызды салалары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы нақты уағдаластықтарға қол жеткізді.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша екі ел делегацияларының басшылары инфрақұрылым, жаңартылатын энергия, әуе байланыстары, ауыл шаруашылығы, азық-түлік технологиясы, туризм, жоғары білім және медицина салалары бойынша ынтымақтастық бағыттарын бекітетін үкіметаралық хаттамаға қол қойды.

Екіжақты қатынастарды еселеу аясында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қатар Премьер-Министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Әбдірахман Әл Тәнимен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасты.

Сұхбаттасушылар екі мемлекет басшыларының сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жайын қарастырды. Осы ретте, өзара сауда айналымының көлемін арттыру, оның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар саласындағы қазақстандық өнімдер мен қызметтерді Қатар нарығына жеткізудің нақты тетіктерін қалыптастыру мәселесіне назар аударды.   

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті өрістету бойынша үкіметтер арасындағы ықпалдастықты жалғастыруға келісіп, екі елдің қатынастарын әрі қарай нығайтуға деген өзара ниетін растады.

Апталықтың экономикалық күн тәртібі аясында 150-ден астам қазақстандық және қатарлық кәсіпкердің қатысуымен ауқымды бизнес-форум ұйымдастырылды.

Аталған жиын барысында екі елдің іскер топтарының өкілдері өзара тиімді әріптестік перспективаларын талқылап, b2b кездесулер арқылы тікелей байланыстар орнатты. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, алдағы уақытта екі ел кәсіпкерлерінің қауымдастығы арасындағы серіктестікті нығайту мәселелерін Қазақстан мен Қатар сауда палаталары үйлестірмек.

Азық-түлік және энергетика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске қосу мәселелерін қатарлық «Hassad Food», «QatarEnergy», және «PIH» компаниялары басшылары «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқара төрағасы Санжар Жаркешовпен және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджановпен өткізген жекелеген келіссөздері барысында мазмұнды түрде талқылады.

Бұдан бөлек, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Доха қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы жөніндегі 9-шы министрлік конференциясында, сондай-ақ 6-шы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Бас Ассамблеясында қазақстандық делегацияға басшылық етті.

Осы орайда, маңызды  оқиғалардың бірі ретінде іс-шара барысында АҚИҰ мүше-мемлекеттері Қазақстанға бірауыздан көрсеткен қолдауының нәтижесінде АҚИҰ Хатшылығының Бас директоры ретінде Асқар Мусиновты  сайлады және келесі Бас Ассамблеяның 2024 жылы Астана қаласында өтетіні туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация «ЭКСПО-2023 Доха» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты. 2024 жылдың 28 наурызына дейін жалғасатын іс-шара тұрақты даму мақсаттарын көздей отырып, «Жасыл шөлдала және ыңғайлы қоршаған орта» тақырыбында тұңғыш рет Таяу Шығыс және Солтүстік Африка өңірінде өтетін көгалдандыру тақырыбындағы халықаралық көрме болып табылады. 

Жалпы, Қазақстан-Қатар стратегиялық ынтымақтастық апталығы 2022 жылғы 12-13 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің елімізге жасаған мемлекеттік сапарының аясындағы келіссөздерінің қорытындылары бойынша берген тапсырмаларын іс-жүзіне асыру барысын қарастырып, Қазақстанда бірлескен нақты жолбаларды іске қосу мәселелерін пысықтау мақсатында ұйымдастырылды.